📍 Шәуілдір ауылы, Жібек жолы даңғылы №1  |  ☎ +7 (725) 27-29-28
ОТЫРАР МУЗЕЙ

Археология

Бас бет Археология

АРХЕОЛОГИЯ ЗАЛЫ Көрнекті ғалым, археолог Кемел Ақышев 1969 жылы Отырар археологиялық экспедициясын ұйымдастырып, сол уақытқа дейін аз зерттелген Отырар қалажұртын жүйелі түрде зерттеуге ерекше көңіл бөлді. Алайда Отырар өңірінің тарихын археологиялық тұрғыдан жан-жақты зерттеу үшін бір ғана қалажұрттағы жұмыстар жеткіліксіз екенін түсінген ғалым 1970 жылдың соңында Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясын құруға бастамашы болды. 1971–1989 жылдар аралығында аталған экспедицияны өзі басқарды. Зерттеулер тарихи археология, тарихи экономика, тарихи география және палеонтология бағыттарында жүргізілді. Нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан өңірінің тарихы жаңа ғылыми деректермен толықтырылып, көптеген тың жаңалықтар ашылды. Экспедиция жұмыстарының негізгі бағыттары егіншілік қоныстарын, ортағасырлық қалаларды, суландыру жүйелерін және қорымдарды зерттеу болды. Осы мақсатта Отырар, Құйрықтөбе, Көк-Мардан, Оқсыз, Қауғаната, Бұзық, Мардан-Күйік қалажұрттары мен Көк-Мардан және Мардан-Күйік қорымдарында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. 1971 жылы Отырар қалажұртында үш жылға жоспарланған зерттеу жұмыстары басталды. Зерттеу барысында шаһристанның 3,2 гектар аумағына қазба жүргізіліп, ортағасырлық қаланың сәулеті, тұрғын үйлері, қалалық мәдениеттің дамуы, шаруашылық және экономикалық жағдайлары жан-жақты зерттелді. Археологиялық зерттеулер мен қазба жұмыстары барысында табылған құнды олжалар және бұған дейін жинақталған жәдігерлер негізінде 1982 жылы музей экспозициясының археология залы жасақталды. Қазіргі музей экспозициясындағы археология залында Отырардың Қазақстанның ортағасырлық тарихындағы маңызды орны, оның ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің туған жері әрі түркілер мен Түркістан өңірінің ірі саяси-мәдени орталықтарының бірі болғаны кеңінен көрсетілген. Сонымен қатар экспозицияны әзірлеуде фарабитану, түркология, нумизматика, сфрагистика және басқа да қосалқы тарихи ғылымдардың жетістіктері кеңінен пайдаланылған.

Экспозицияда қыш ыдыстар, зергерлік бұйымдар, тастан және сүйектен жасалған заттар, монеталар мен ою-өрнекті плиткалар жинақталған.